Колледжде Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары С.Лұқпанов пен Ә.Нәутиевтің қатысуымен ұжыммен ашық форматтағы кездесу өтті.
Кездесу барысында ел экономикасының қазіргі ахуалы, мұнай-газ-химия саласының дамуы, өндірістегі жергілікті кадрлардың үлесі және өңірдің болашағы кеңінен талқыланды. Сенатор С.Лұқпанов аймақ дамуына серпін беретін негізгі бағыттардың бірі – ілеспе газды өңдеу екенін атап өтті. Бұл салада отандық мамандарды, әсіресе жастарды тарту – бүгінгі күннің басты талабы.
Осы ретте техникалық мамандар даярлайтын колледждерге артылар жауапкершілік те жоғары. Өндіріс сұранысын алдын ала сезініп, еңбек нарығына бәсекеге қабілетті, сұранысқа ие маман даярлау – уақыт талабы.
Сенатор Ә.Нәутиев өңірдегі жол құрылысы, сондай-ақ түлектердің өз мамандықтары бойынша еңбек етуінің маңыздылығына тоқталды.
Еркін пікір алмасу барысында колледж әдіскері М.Шаштиев білім беру саласындағы жасанды интеллект, оны меңгеру, студенттер мен оқытушыларға арналған тегін курстар ұйымдастыру мәселелерін көтерді.
Ардагер ұстаз, дене тәрбиесі пәнінің оқытушысы О.Нұрханов жас мамандарды даярлауда олардың денсаулығы мен физикалық дайындығына ерекше мән беру қажеттігін айтты. Оның пікірінше, оқу орнына қабылдау кезінде «Төтенше жағдайда қорғау» мамандығына оқуға түсуде бұл талап міндетті болуы тиіс. Себебі дені сау маман – дені сау ұлттың негізі. Сонымен қатар, бұқаралық спортты дамыту және колледжге заманауи спорттық кешен салу мәселесі де күн тәртібінде екенін атап өтті.
Тағы бір өзекті мәселе – колледж оқытушыларының еңбекақысы. Мектеп пен ЖОО оқытушыларымен салыстырғанда айырмашылық бар екені назардан тыс қалмауы керек.
Табыс пен нәтиже – табандылық пен тынымсыз еңбектің жемісі.
Болашақ – жастардың қолында, ал олар жаңа сын-қатерлерге дайын!