Колледжімізде жауапты бас қосу – «Жас маман – 2025» шарасы өтті.
Бітіруші 464 түлек диплом мен өмірге жолдама алуға жиналды. Қуанышты сәтке түлектер, ұстаздармен бірге ата-аналар ағыны да толассыз келіп жатыр. Қолдарында гүл, өңдерінде қуаныш.
Оқу орны басшысы сән-салтанатпен дипломдарды табыс ету рәсімін бастады. Дипломмен бірге шәкіртке алғыс пен тілек қоса айтылуда. Оқу орнын үздік бітірген 36 түлекке «Үздік диплом» табыс етіліп, әрі қарай маңызды шара жалғаса түсті
Колледждегі жылдар есею жылдары, үйрену мен шыңдалу жылдары болғаны даусыз.Сонымен бірге олар тек білім алып, мамандық сырын үйреніп қана қоймай кез-келген сәтте ел үшін қызмет етуге дайын екендерін іс жүзінде көрсете де білген жағдайлар болды. Бұған әлі ұмытыла қоймаған өңірімізге төнген тасқын су қатері, оған қарсы ұзақ күндерге созылған күрес дәлел.
Оқу орнын үздік бітірген 36 түлекке «Үздік диплом» табыс етіліп, әрі қарай маңызды шара жалғаса түсті.
Биылғы ерекшеліктің бірі – колледж дәлізіндегі самсап ілулі тұрған сан тілектер. Бұл – ата-аналардың, оқытушылардың балаларына – түлектерге арнаған жүрекжарды тілектері. Конверттердегі тілектер саны көп болғанмен айтар ойы біреу-ақ – Ақ тілек. Тілектер қабыл болғай.
Жыл сайын қалыптасқан дәстүрмен түрлі мамандық иелері өмірге жолдама алып ұядан ұшады. Бірақ, бізде қалыптасқан жақсы дәстүр бар – түлек сүйікті колледжінен біржолата кетпейді, алысқа ұзамайды. Қай сала, қай түкпірде жүрсе де колледжімен байланысын үзбейді. Түлек-әріптес-тәлімгер тізбегі тиімді жұмыс жасайды. Бұған күнделікті өмір куә, бізде солай қалыптасқан.